АЖЫРАСАР АЛДЫНДАҒЫ ЖІГІТТІҢ ХАТЫ
Бойдақ кездегі махаббат қашан да бал шырын ғой. Өмір бойы сүю, мәңгілік махаббат дегендерге әр ғашық айнымастай сенеді. Алайда үйленген соң тұрмыс күйбеңі араласқан сезімнің бағдары басқа арнаға ауысып кетерін тұрмыс құрғандар ғана жақсы білсе керек. Алайда, махаббатты мәңгілік алақанда аялап ұстай алу - ерлі-зайыптылардың екеуінің де борышы, міндеті. Мына бір азаматтың хаты жастарға, енді ғана шаңырақ көтерген жас жұбайларға ой салады деген үміттеміз.
***
Үйленгенге дейін менің көңілімнен терең орын алдың. Ананы аламын, мынаны аламын деп қиғылық салсаң да, бәріне көнетінмін. Алайда, үйленген соң бәрі басқа арнаға ауысты. Қиялыңда ақша жинаудан басқа ой жоқ. Жалақымды түгелдей тапсыруды талап еттің. Әйел затының әр қаражатты күйеуімен ақылдасып, мүмкін болса отбасын ер азаматтың басқаруы тиіс екенін білмейтін бе едің?!
***
Бұрын үнемі алдымнан сұлу болып шығатынсың. Ал үйленген соң ше?! Өз-өзіне онша көңіл аудармайтын, құдды бір салақ әйелдер секілді кейіпке ендің. Сыртқа шығатын болсаң, елден ерек сәнденіп аласың. Сонда сенің сұлулығың маған арналмаған ба? Бұл менің жанымды жеп бітірді.
***
Бұрын ақылды, көнгіш сияқты ең. Ал қазір барлығын өзің білесің. Барлығын өзің басқарғың келеді. Әр істі өз бетіңмен, өз шешіміңмен атқарасың. Бір рет болсын, менің тілімді алып көрдің бе?! Сенің назарыңдағы еркек қайда кетті сонда?!
***
Бұрын мені мақтайтынсың. Қызметте, кәсібімде табысқа жетуіме қолдау көрсетіп отыратын едің. Ал үйленген соң, менің жасаған барлық жақсылықтарымды көрмейтін болдың. Қанша қаражат тапсам да сен үшін ол аз болды. Сәл кемшілігімді көрсең, қалған бар жақсылығымды жоққа шығардың.
***
Бұрын әр сөзім саған сондай мағыналы, тәтті сезілетін. Ол кезде өзімді жұрт көзіне кеңпейіл көрінетін шығармын деп ойлаушы ем. Үнемі сырласатын едік. Ал үйленген соң саған айтқан әрбір сырым, әрбір кеңесімнің соңы ұрыспен аяқталып жатты. Кейде саған бұрынғыдай әңгімемді айтып, сырласқым келеді. Мені түсінуіңді, сыпайы мәміле жасауыңды қалаймын. Алайда, тағы да ұрыс-керіспен аяқталатынын біліп тұрғандықтан, сенімен сөйлесуді қойдым.
***
Мінсіз адам болмайды. Осының бәрі өз кінәмнан болар деп ойлаймын. Сөйтем де, бұрынғы жүрген қалпыма қайтқым келеді. «Қай жерден қате жібердім? Қайтсем түсінемін?» деп көп ойландым. Алайда өз кінәсін танып-біле алар адам шынымен-ақ аз екеніне көзім жетті. Мүмкін бар кінәмді сен білерсің, сен айтарсың. Мен өткен күндерімді қатты сағындым, сол күндерге қайтып барғым келеді. Кітап оқыған кезімде қасымда отырып жалықпай тыңдайтын сәттеріңді, жаныма шуақ шашар мейірімді күлкіңді сағындым. Дегенмен, енді бәрі оралмасқа кетті...
Бақыт қашанда ерлі-зайыптылардың екеуіне де ортақ. Ал сен бақытты боламын деп кетіп барасың! Бірақ, сен біл, барын бағалап, қанағат ете білмеген жүрек байлыққа шомылса да өзін кедей сезінеді. Тағдыр қосқан жарынан таппаған бақытты әйел шайтан салған шаттықтан таба алмайтынын ұмытпағайсың...